Дәулетбеков пен Куулар Азия ойындарында қола жүлде үшін күреседі

Начын Куулар. Фото: Нургали Жумагазы
Қазақстандық еркін күрес шеберлері Азамат Дәулетбеков пен Начын Куулар 2026 жылғы Азия ойындарында жүлде үшін күресін жалғастырады.
86 келіге дейінгі салмақта Дәулетбеков жұбаныш белдесуінде Пәкістан өкілі Номан Закуды мерзімінен бұрын жеңді. Енді қазақстандық балуан қола медаль үшін моңғолиялық Сулдхуу Олонбаярмен белдеседі.
65 келіге дейінгі салмақта Куулар жұбаныш белдесуінде Сауд Арабиясының өкілі Абдуллатиф Альбакриді 4:0 есебімен жеңді. Ол қола медаль үшін КХДР спортшысы Кванг Джин Киммен кездеседі.
Бұған дейін қола жүлде үшін күресуге Зейнеп Баянова (50 келіге дейін) мен Едіге Қасымбек (125 келіге дейін) те мүмкіндік алған болатын. Ал Эльмира Сыздықова (76 келіге дейін) Азия ойындарының алтыны үшін белдеседі.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.