Шұғыла Өмірбек U23 әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды

Фото: UWW
Қазақстандық балуан Шұғыла Өмірбек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрес түрлерінен әлем чемпионатында қола медаль иеленді.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз үшінші орын үшін белдесуде украиналық Снежана Онуфриеваны 11:10 есебімен жеңді. Осылайша, Шұғыла қарсыласынан бір ұпай басым түсіп, U23 әлем чемпионатында екінші жыл қатарынан жүлдегер атанды.
Қазақстандық балуан жарысты түркиялық Туба Демирді 5:2 есебімен жеңуден бастады. Алайда ширек финалда жапониялық Юна Саватаниға 3:5 есебімен есе жіберді.
Жапониялық балуан финалға шыққандықтан, Шұғыла жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Онда ол моңғолиялық Халиун Бямбасүрэнді 11:2 есебімен жеңіп, қола медаль үшін күресуге жолдама алды.
Айта кетейік, 2025 жылы Шұғыла Өмірбек дәл осы салмақта U23 әлем чемпионы атанған еді. Сербияның Нови-Сад қаласында өткен финалда ол Туба Демирден басым түсіп, Қазақстанға әйелдер күресінен U23 әлем чемпионатының алғашқы алтын медалін сыйлады. Ал 2026 жылдың мамыр айында отандасымыз Вьетнамда өткен U23 Азия чемпионатында да топ жарды.