Михаил Шайдоров маусымды Братиславадағы турнирде бастайды

ҚР ҰОК
Фигуралық сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Братиславада өтетін Nepela Memorial турниріне қатысады.
Жарыс 24-27 қыркүйек аралығында өтіп, осы маусымдағы ISU Challenger Series сериясының кезеңдерінің бірі болады. Турнир Ондрей Непела атындағы аренада ұйымдастырылады.
Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан бақ сынайды. ISU сайтындағы алдын ала қатысушылар тізіміне 29 спортшы енген. Қазақстандықтың қарсыластары қатарында Еуропаның екі дүркін чемпионы Адам Сяо Хим Фа, италиялық Даниэль Грассль және ресейлік Евгений Семененко бар.
Айта кетейік, Братиславадағы жарыс Шайдоров үшін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейінгі маусымдағы алғашқы халықаралық старты болады. Миланда қазақстандық спортшы еркін бағдарламада үздік нәтиже көрсетіп, жарыста жеңіске жетті. Осылайша, ол Қазақстанға мәнерлеп сырғанаудан тарихтағы алғашқы Олимпиада алтынын сыйлады.
Nepela Memorial турнирі 1972 жылғы Олимпиада чемпионы, әлемнің үш дүркін және Еуропаның бес дүркін чемпионы болған словакиялық мәнерлеп сырғанаушы Ондрей Непеланың құрметіне өткізіледі. Алдағы жарыс турнир тарихындағы 34-ші дода болмақ.