«Ньюкаслда» Гимарайнстың «Арсеналға» ауысуы туралы пікір білдірді

Бегасыл Амирбай ··
«Ньюкасл» ФК

«Ньюкасл» ФК

«Ньюкаслдың» бас бапкері Эдди Хау Бруну Гимарайнстың командада қалатынын не қалмайтынын білмейтінін айтты. Бұған дейін бразилиялық жартылай қорғаушыға «Арсеналдың» қызығушылық танытып отырғаны хабарланған еді.

«Гейтсхедпен» өткен жолдастық матчтан (1:1) кейін Эдди Хау «Ньюкасл» капитанының «Арсеналға» ықтимал ауысуы туралы қауесеттерге пікір білдірді.

«Брунуның болашағы не болатынын білмеймін. Оны басқалар талқылай берсін. Мен қатыспайтын әңгімелер бар. Біз үздік ойыншыларымыздан айырылғымыз келмейді – бұл анық. Сондықтан мұндай екі футболшының кетуі біз үшін ауыр соққы болды. Бұл мен үшін тағы бір оңай емес жаз, бірақ біз әрқашан клуб үшін қысқа және ұзақ мерзімде тиімді шешімдер қабылдауға және мүмкіндігінше мықты құрам жасақтауға тырысамыз», – деді Хау Sky Sports-қа берген сұхбатында.

Айта кетейік, тараптар әзірге трансфер құны бойынша келісімге келе алмай отыр. Алдағы апталарда «Арсенал» ресми ұсыныс дайындауы тиіс.

Еске салсақ, өткен маусымда Гимарайнс 41 матч өткізіп, тоғыз гол соғып, сегіз нәтижелі пас берген. Жалпы 2022 жылдан бері «Ньюкасл» сапында 195 ойынға қатысып, 31 гол және 32 ассист авторы атанды.