Никита Михайлис жарақатына байланысты «Барысқа» қарсы матчқа қатыспауы мүмкін

«Металлург» ХК
Магнитогорскінің «Металлург» клубында өнер көрсететін қазақстандық шабуылшы Никита Михайлис жарақатына байланысты бірнеше аптаға қатардан шығып қалуы мүмкін.
«Трансферы КХЛ» Telegram-арнасының мәліметінше, 31 жастағы хоккейшінің мұз айдынына оралуы кемінде үш аптаға созылады.
Михайлис 5 қарашада «Нефтехимикке» қарсы өткен кездесуде жарақат алған. «Металлург» бұл ойында қарсыласын 8:1 есебімен ойсырата жеңгенімен, қазақстандық шабуылшы матчты соңына дейін өткізе алмады.
Бірінші кезеңнің аяқталуына аз уақыт қалғанда Михайлис қарсыласымен қатты соқтығысып, жарақат алды. Ол командаластарының көмегімен мұз айдынынан кетіп, киім ауыстыратын бөлмеге беттеді. Кейін ойынға қайта оралған жоқ.
Осыған байланысты қазақстандық хоккейшінің 15 қарашада Астанада өтетін «Барысқа» қарсы кездесуге қатысуы екіталай.
Айта кетейік, Михайлис 2023 жылға дейін бірнеше маусым бойы «Барыс» сапында өнер көрсеткен. Кейін магнитогорскілік клубқа ауысты.
Биылғы Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Никита Михайлис 25 матч өткізіп, 17 ұпай жинады. Оның еншісінде сегіз шайба мен тоғыз нәтижелі пас бар.