Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының финалына шықты

Фото: Сали Сабиров
Қазақстандық еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Ол ұлттық құрамадан шешуші кезеңге шыққан алғашқы балуан атанды.
74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында отандасымыз жапониялық Ёшиносукэ Аоягимен белдесті. Кездесу 3:1 есебімен Қайпановтың пайдасына аяқталды.
Осылайша, қазақстандық балуан әлем чемпионатында қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін ол 1/16 финалда косоволық Эгзон Хониді 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңсе, 1/8 финалда әзербайжандық Тұран Байрамовтан 4:0 есебімен басым түсті.
Ал ширек финалда тәжікстандық Виктор Рассадинді 11:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
Айта кетейік, Қайпанов алғашқы үш белдесуінде қарсыластарына бірде-бір ұпай бермеген. Тек жартылай финалда жапониялық балуан одан бір ұпай еншіледі. Төрт кездесудің жалпы есебі – 28:1.
Енді Нұрқожа Қайпанов алтын медаль үшін ресейлік Иналбек Шериевпен күреседі. Финалдық белдесу 1 қарашада Астанада өтеді.
Осылайша, қазақстандық балуан әлем чемпионатының кем дегенде күміс жүлдесін қамтамасыз етті.