ОАР футболшысы әлем чемпионаты тарихындағы ең төмен бағаны алды

Фото: SAF
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу матчында Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасын 2:0 есебімен жеңді. Кездесуде алаңнан қуылған африкалық команданың жартылай қорғаушысы Яя Ситхоле WhoScored нұсқасы бойынша рекордтық деңгейде төмен баға алды.
Порталдың мәліметінше, Ситхоле әлем чемпионаттары тарихында WhoScored статистикалық ресурсы бағалау жүргізе бастағаннан бергі ең төмен көрсеткішке ие болды. Оның бағасы – 4,23.
ОАР құрамасының жартылай қорғаушысы матчтың 49-минутында соңғы үміт фолы үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған еді.
Әлем чемпионатының ашылу ойыны Мехикодағы «Ацтека» стадионында өтті. Кездесу алаң иелері Мексика құрамасының 2:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Голдардың авторлары – Рауль Хименес пен Хулиан Киньонес.
Бірінші турдан кейін Мексика А тобында көш бастады. Ал Оңтүстік Африка Республикасы соңғы орынға жайғасты. Бұл топта сондай-ақ Оңтүстік Корея мен Чехия құрамалары өнер көрсетеді.
2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатыр. Турнирдің финалы 19 шілде күні болады.