Обамеянг билікпен болған жанжалдан кейін Габон құрамасынан кеткенін мәлімдеді

Фото: x_@LARGOESPN
Испанияның «Депортиво» клубының шабуылшысы Пьер-Эмерик Обамеянг Габон құрамасынан кететінін мәлімдеді. Футболшы мұндай шешімге 2025 жылғы Африка Ұлттар кубогындағы сәтсіз өнерден кейін өзіне жасалған қарым-қатынасты себеп ретінде атады.
«Мен жарақатпен Африка Ұлттар кубогында ойнағаныма қарамастан, олар мені қорлап, қаралады. Бұл соңғы тамшы болды. Сондықтан осы жерден тоқтағаным дұрыс», – деді 37 жастағы футболшы AFP агенттігіне берген сұхбатында.
Габон құрамасы турнирдің топтық кезеңіндегі үш кездесудің барлығында да жеңіліс тапты. Команда жарыстан шығып қалғаннан кейін ел билігі жаттықтырушылар штабын таратып, ұлттық құраманың қызметін уақытша тоқтатты. Сондай-ақ Обамеянг пен Бруно Экуэле Манганы құрамадан шеттетті. Кейін футболшылар ұлттық командаға қайта шақырылды. Алайда Обамеянг бұл жағдай оның беделіне нұқсан келтірді деп есептеді.
Обамеянг ұлттық құрама сапында 2009 жылдан бері өнер көрсетті. Ол 86 матч өткізіп, 40 гол соқты және Габон құрамасы тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Клуб деңгейінде шабуылшы Ла-Коруньяның «Депортивосы» сапында ойнайды. Ол клубпен 2028 жылдың маусымына дейін келісімшарт жасасқан.
Габон құрамасының жаңа бас бапкері Себастьен Минье болды. 2027 жылғы Африка Ұлттар кубогының іріктеу кезеңінде «Пантералар» А тобында Марокко, Нигер және Лесотомен бірге сынға түседі.