«Ол менімен күресуден қашады»: Асу Алмабаев Катардағы жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады

Фото: UFC
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев 21 қарашада Катар астанасы Дохада өтетін жапониялық Кёдзи Хоригутиге қарсы жекпе-жек туралы пікір білдірді.
Жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында Алмабаев бұған дейін Bellator және Rizin ұйымдарының чемпиондық белбеулерін иеленген қарсыласының жетістіктерін жоғары бағалады.
«Ол – өте танымал әрі атақты файтер. Өз уақытында ең мықты қарсыластармен жұдырықтасып, бұл спортта елеулі із қалдырды. Сондықтан ертең екеуміздің қайсымыз мықты екенімізді көреміз.
Менің артықшылығым – чемпиондық белбеуге таласуға деген құлшынысым жоғары. Ол бұрыннан чемпион атануға тырысты, бірақ қолынан келмеді. Ал мен жаспын, жеңіске деген аштығым басым. Жекпе-жектің барлық қырында өзімді сенімді сезінемін. Қалғанын октагон көрсетеді», – деді Алмабаев.
Қазақстандық спортшы күреске де ерекше тоқталды. Оның пікірінше, Хоригути партерде ұзақ уақыт айқасудан қашуға тырысады.
«Иә, бұл да жекпе-жектің маңызды тұстарының бірі болады. Кімнің күрес әдістерін жақсы меңгергенін және дивизиондағы ең мықты грэпплер кім екенін көреміз.
Менің ойымша, Кёдзи менімен күресуден қашуға тырысады. Бірақ бәрі қалай өрбитінін көрерміз. Ең бастысы – жоспарымызды ұстанып, үнемі қысым көрсетіп, қарсыласты барынша бақылауда ұстап, жеңіске жету», – деді қазақстандық файтер.
Сонымен қатар Алмабаев қарсыласымен арадағы сыйластықтың сақталғанын атап өтті.
«Ол өте мейірімді адам. Жапон мәдениетінде өзгелерге құрмет көрсету ерекше орын алады. Тіпті фильмдерден де олардың бір-біріне иіліп, құрмет білдіретінін көруге болады.
Ал мұнда бар болғаны жекпе-жек өтеді. Кёдзи бұл спортта ұзақ уақыттан бері өнер көрсетіп келеді. Оны ардагер деп атауға болады. Оған енді сөзбен ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ. Бәрін октагонда көрсету керек», – деді Алмабаев.
Еске салайық, Асу Алмабаев (24-3) пен Кёдзи Хоригути (36-6, 1 NC) арасындағы жекпе-жек 21 қарашада Дохадағы ABHA Arena кешенінде өтетін UFC Fight Night турнирінің негізгі кардында ұйымдастырылады.
Кештің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақта Иржи Прохазка мен Навахо Стирлинг кездеседі.