Басты бет
·
MMA/UFC

ONE Championship Кристиан Лиді чемпиондық белбеуінен айырды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ONE Championship

Фото: ONE Championship

Америкалық файтер Кристиан Ли ONE Championship ұйымының жартылай орта салмақтағы чемпиондық атағынан айырылды. Осылайша ол ұйымның екі салмақ дәрежесіндегі чемпионы мәртебесінен толықтай айырылды.

ONE Championship баспасөз қызметі Лидің ұзақ уақыт бойы чемпиондық белбеуін қорғамауына байланысты титулды бос деп жариялады. Шешім 18 қарашада, америкалық спортшының Кямран Аббасовты жеңіп, чемпион атанғанына тура төрт жыл толған күні күшіне енді.

Ұйым ресми мәлімдемесінде бұл шешімнің себептерін түсіндірді.

«ONE Championship қазіргі чемпионның ұзақ уақыт жекпе-жек өткізбегеніне байланысты жартылай орта салмақтағы ММА бойынша әлем чемпионы атағын дереу бос деп жариялайды.

Тура төрт жыл бұрын Кристиан Ли ONE ұйымының жартылай орта салмақтағы чемпионы атанды. Осы жеңістен кейін ол қарындасы Виктория Лидің күтпеген жерден қайтыс болуына байланысты спорттық мансабында үзіліс алды. Сондай-ақ балаларын тәрбиелеуге көңіл бөлді. Лиге деген құрметімізді және ерекше жағдайды ескере отырып, ONE бұл салмақта чемпиондық жекпе-жектер өткізуді уақытша тоқтатты.Биыл ұйым Лиге чемпиондық атағын қорғауға мүмкіндік ұсынды. Алайда тараптар жекпе-жекті өткізу шарттары бойынша түпкілікті келісімге келе алмады.

Жартылай орта салмақ дәрежесінің дамуын қамтамасыз ету және осы дивизиондағы барлық спортшылардың мүддесін қорғау мақсатында ұйым чемпиондық титулды бос деп жариялау туралы шешім қабылдады», – делінген ONE Championship мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бұл – Кристиан Лидің соңғы екі аптада айырылған екінші чемпиондық белбеуі.

6 қарашада Бангкокта өткен The Inner Circle 37 турнирінде америкалық файтер Тай Руотолодан бірінші раундта қылқындыру әдісімен жеңіліп, жеңіл салмақтағы чемпиондық атағынан айырылған болатын.