Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Оңтүстік Корея Азия чемпионатында Аустралия қақпасына 53 доп соқты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Каирбек Тулегенов

Фото: Каирбек Тулегенов

Гандболдан Оңтүстік Кореяның әйелдер құрамасы Алматыда өтіп жатқан Азия чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді. Оңтүстіккореялық гандболшылар Аустралияны 53:5 есебімен ойсырата жеңді.

Кездесу Алматыдағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтті. Оңтүстік Корея құрамасы алғашқы таймда-ақ айқын басымдық танытып, үзіліске 30:2 есебімен шықты.

Екінші таймда да оңтүстіккореялық спортшылар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Олар кездесудің екінші бөлігін 23:3 есебімен жеңіп, жалпы есептегі айырмашылықты 48 допқа жеткізді.

Бұл Оңтүстік Корея құрамасының турнирдегі екінші жеңісі болды. Бір күн бұрын команда Өзбекстанды 43:11 есебімен ұтқан еді.

Осылайша Оңтүстік Корея екі матчтан кейін төрт ұпай жинап, В тобындағы көшбасшылығын сақтап қалды. Ал Аустралия қатарынан екінші рет жеңіліп, әзірге ұпай жинай алмады.

Аустралия құрамасы келесі кездесуін 25 қарашада Үндістанға қарсы өткізеді. Оңтүстік Корея 27 қарашада Үндістанмен, ал 28 қарашада Қазақстан құрамасымен кездеседі.

Еске салайық, әйелдер арасындағы гандболдан Азия чемпионаты 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Алматыда өтуде.

Турнирге он ұлттық құрама қатысып жатыр. Жарыс қорытындысы бойынша үздік төрт команда 2027 жылы Мажарстанда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.

Оңтүстік Корея Азия чемпионатында Аустралия қақпасына 53 доп соқты – sport-hub