«Париж туралы ойлаймын»: Джокович күтпеген жеңілістен кейінгі жоспарын айтты

Фото: Getty Images
«Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық теннисші Новак Джокович Швейцарияның Базель қаласында өтіп жатқан ATP 500 санатындағы жарыстан шығып қалғанына пікір білдірді.
Екінші айналымда сербиялық спортшы германиялық Ян-Леннард Штруффқа есе жіберді. Үш сетке созылған тартысты кездесу 7:6 (7:4), 5:7, 7:6 (7:5) есебімен аяқталды.
Матчтан кейін Джокович шешуші сәттерде қарсыласының шебер ойнағанын атап өтті. Сондай-ақ ол жеңілісіне өзінің доп беру кезіндегі қателіктерін басты себеп ретінде қарастырмайтынын айтты.
«Жоқ, доп беру кезінде жіберген үш қос қателігім шешуші рөл атқарды деп ойламаймын. Меніңше, брейк-пойнттар болған шешуші сәттерде ол керемет соққылар жасап, тамаша ойын өрнегін көрсетті. Мұндай жағдайлар екінші сетте де, үшінші партияның басында да бірнеше рет қайталанды.
Мүмкін, бір-екі сәтте агрессивтірек ойнауыма болатын еді. Бірақ жеңіс толығымен оның еңбегі. Жеңілгеніме қынжылып тұрмын. Ол керемет теннис көрсетті. Бұған дейін мұндай агрессивті әрі дәл ойнайтын қарсыласпен кездескенім есімде жоқ.
Корттан енді ғана шықтым, әлі де көңіл күйім түсіп тұр. Енді Париж туралы ойлаймын. Ол жақта бұдан да жақсы өнер көрсете аламын деп үміттенемін», – деді сербиялық теннисші Sportal Serbia басылымына берген сұхбатында.
Бұл жеңіс Ян-Леннард Штруфф үшін тарихи болды. Германиялық теннисші Джоковичті бұған дейінгі сегіз кездесуде жеңе алмаған еді. Осылайша, жеке кездесулердегі есеп 8:1 болып, сербиялық спортшының пайдасына қалып отыр.
Базель турнирінің жартылай финалына шығу үшін Штруфф португалиялық Нуну Боржешпен кездеседі. Ол бұған дейін норвегиялық Каспер Руудты 1:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, жарыстан шығарған.