Басты бет
·
Теннис

«Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ»: Рыбакина Токио турниріндегі матчтан не себепті бас тартқанын түсіндірді

Али Асетов··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстандық теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Токиода өтіп жатқан WTA-500 турниріндегі өнерін мерзімінен бұрын аяқтады.

Ол денсаулығына байланысты жарыстың ширек финалдық кездесуіне қатысудан бас тартты.

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 23-орында тұрған канадалық Лейла Фернандеспен кездесуі керек еді. Алайда матч басталар алдында Рыбакинаның кортқа шықпайтыны белгілі болды.

WTA ұйымының ресми сайтында жарияланған мәлімдемесінде Елена жарыстан бас тартуына мойнындағы ауырсыну мен қабыну себеп болғанын айтты.

«Құрметті жанкүйерлер, алдағы матчтан бас тартуға мәжбүр болғанымды өкінішпен хабарлаймын. Өкінішке қарай, мойным ауырып, қабыну пайда болды. Бұл толық күшіммен өнер көрсетуіме кедергі келтірді. Мұндай шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Мен бұл жерде ойнағанды жақсы көремін және жанкүйерлердің ерекше қолдауын бағалаймын. Келесі жылы қайта ораламын деп үміттенемін. Түсіністік пен қолдауларыңыз үшін рақмет», – деді Рыбакина.

Осылайша, Лейла Фернандес жартылай финалға жолдаманы жекпе-жексіз иеленді. Оның келесі қарсыласы Өзбекстан өкілі Камилла Рахимова болады.

Айта кетейік, теннисшілер бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде екінші рет кездесуі мүмкін еді. 25 қазанда Рыбакина Нинбода өткен WTA-500 турнирінің финалында канадалық спортшыны 6:2, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңген болатын.

Биыл қазақстандық теннисші төрт турнирде чемпион атанды. Оның қатарында Australian Open және US Open жарыстары бар. Екі турнирдің финалында да Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді.

«Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ»: Рыбакина Токио турниріндегі матчтан не себепті бас тартқанын түсіндірді – sport-hub