Жібек Құламбаева Қытайдағы турнирдің финалына бір қадам қалғанда жеңіліп қалды

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева мен нидерландтық Изабель Хаверлаг Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA-250 турнирінің жұптық сынында финалға шыға алмады.
Жартылай финалда қазақстандық-нидерландтық дуэт Қытайлық Тайбэй өкілдері И-Сюань Чо мен Йи Цен Чоға қарсы ойнады. Кездесу 1 сағат 4 минутқа созылып, қарсыластар 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Матч барысында Құламбаева мен Хаверлаг бір эйс жасап, сегіз рет қос қателік жіберді. Сондай-ақ қарсыластарының бірде-бір геймде доп беруін ала алмады. Өз кезегінде төрт рет өз сервистерінен айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Жібек Құламбаева мен Изабель Хаверлаг ширек финалда ресейлік Мария Козырева мен британиялық Майя Ламсденді 3:6, 6:3, 10:8 есебімен жеңген еді. Ал алғашқы айналымда Қытай теннисшілері Цюй Ихань мен Чжан Жуйэньнен басым түсті (6:3, 4:6, 10:5).
Гуанчжоудағы WTA-250 турнирі 26 қазан мен 1 қараша аралығында ашық хард корттарында өтуде. Жұптық сында 16 жұп бақ сынады.