Поль Погба «Монакодан» кетті: клуб сапында небәрі алты матч өткізді

«Монако» ФК
Франциялық жартылай қорғаушы Поль Погба «Монако» сапындағы бір маусымнан кейін клубтан кетті. 33 жастағы футболшымен 2027 жылдың маусымына дейін жасалған келісімшарт тараптардың өзара келісімі бойынша мерзімінен бұрын бұзылды.
Погба «Монакоға» 2025 жылдың жазында еркін агент ретінде қосылып, екі жылдық келісімшартқа қол қойған еді. Франциялық клубқа ауысуы жартылай қорғаушының допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шеттетілгеннен кейін кәсіби футболға қайта оралуы болды.
Алайда Погба «Монаконың» негізгі құрамынан берік орын ала алмады. Жарақатына байланысты ол клуб сапында небәрі алты матч өткізіп, нәтижелі әрекетімен көзге түспеді. Тамыз айында маусым алдындағы дайындық кезінде жамбасының артқы бұлшықетінен кезекті жарақат алды.
Еске салайық, 2024 жылы Погба допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін төрт жылға футболдан шеттетілген болатын. Кейін апелляциядан соң Спорттық арбитраж соты (CAS) оның дисквалификация мерзімін 18 айға дейін қысқартты.
Погба әр жылдары «Манчестер Юнайтед» пен «Ювентус» клубтарында өнер көрсетті. Туриндік команда құрамында француз футболшысы Италия чемпионы атанса, ағылшын клубымен бірге Еуропа лигасы мен Англия лигасы кубогын жеңіп алды.
Франция құрамасы сапында Поль Погба 91 матч өткізіп, 11 гол соқты. Ұлттық командамен бірге ол 2018 жылғы әлем чемпионы атанды. Погба Хорватияға қарсы финалда (4:2) гол соқты. Сонымен қатар, 2021 жылы Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды.