Басты бет
·
Футбол

Польша чемпионатының көшбасшысы Қазақстан құрамасының футболшысына қызығушылық танытты

Бекарыс Әлімхан··
ҚФФ

ҚФФ

«Ордабасы» жартылай қорғаушысы Жасұлан Әмір Польшаның «Гурник» және Бельгияның «Андерлехт» клубтарының қызығушылығына ілікті.

Amanvibe.kz ақпаратынша, «Гурник» 19 жастағы қазақстандық футболшының трансфері бойынша байланысқа шыққан. Клубтың бапкерлер штабы ойыншының өнерін бақылап, «Ордабасыға» ресми ұсыныс жасауды қарастырып жатыр. Әмірге Бельгияның «Андерлехт» клубы да қызығушылық танытып отыр.

Польшалық клуб маусымды сәтті бастап келеді. Тоғыз турдан кейін «Гурник» Экстракласада 22 ұпаймен көш бастап тұр. Команда екінші орында тұрған «Легиядан» үш ұпай алда. Клуб жеті жеңіске жетіп, бір рет тең түсіп, бір рет жеңілген.

Ал «Андерлехт» Бельгияның жоғарғы дивизионында жеті турдан кейін 13 ұпай жинап, бесінші орында келеді. Бұған дейін бұл команда Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде алматылық «Қайратқа» қарсы ойнап, екі матчтың қорытындысы бойынша 6:0 есебімен жеңіп, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алған.

Еске салайық, Әмір – «Ордабасының» түлегі. Биылғы Қазақстан Премьер-лигасында жартылай қорғаушы 25 матч өткізіп, сегіз гол соқты және төрт нәтижелі пас берді. Футболшының Шымкент клубымен келісімшарты 2026 жылдың соңына дейін жарамды.

Польша чемпионатының көшбасшысы Қазақстан құрамасының футболшысына қызығушылық танытты – sport-hub