ПСЖ Кварацхелия мен Дуэнің орнына Украина чемпионатынан футболшы іздеп жатыр

Фото: ФК «Шахтёр»
Франциялық «Пари Сен-Жермен» клубы қысқы трансферлік кезең қарсаңында шабуыл шебін күшейтуді жоспарлап отыр. Париждіктердің назарына Донецкінің «Шахтер» командасында өнер көрсететін бразилиялық шабуылшы Алиссон Сантана ілікті.
Инсайдер Экрем Конурдың X әлеуметтік желісіндегі мәліметінше, соңғы апталарда ПСЖ бірнеше бразилиялық футболшының кандидатурасын қарастырған.
Олардың қатарында «Челси» ойыншысы Эстевао Виллиан мен «Борнмут» шабуылшысы Райан бар. Алайда лондондық клуб Эстеваоны жіберуге ниетті емес. Ал Райанның маусым ортасында команда ауыстыру ықтималдығы төмен бағаланып отыр.
Осыған байланысты 21 жастағы Алиссон Сантана париждіктер үшін қолжетімді нұсқалардың біріне айналды. Бразилиялық футболшы Украина чемпионаты мен еурокубоктардағы ойынымен ПСЖ скауттарының назарын аударған.
Дегенмен екі клуб арасында ресми келіссөздер жүргізіліп жатқаны әзірге расталған жоқ.
ПСЖ-ның шабуыл шебін күшейтуге ұмтылуы негізгі құрамдағы екі футболшының жарақат алуымен байланысты.
20 қазанда «Барселонаға» қарсы өткен матчта (4:2) Хвича Кварацхелия тізесінің алдыңғы айқас байламын үзіп алды. Ал 21 қарашада «Ниццамен» кездесуде (3:2) Дезире Дуэ дәл осындай жарақат алды. Екі футболшыға да ота жасау қажет болды.
Еске салайық, Алиссон Сантана 2025 жылдың наурызында Бразилияның «Атлетико Минейро» клубынан «Шахтерге» ауысқан. Ол украиналық командамен 2030 жылға дейін келісімшарт жасасты.
Биылғы маусымда вингер барлық турнирде 16 матч өткізіп, алты гол соқты және бес нәтижелі пас берді.
Сонымен қатар 2026 жылдың қарашасында Сантана Бразилия ұлттық құрамасында дебют жасады. Бұған дейін ол Бразилияның U-20 құрамасымен Оңтүстік Америка жастар чемпионатында жеңіске жеткен.