Басты бет
·
Футбол

ПСЖ ойыншылары ауыр жарақат алған Кварацхелияны қолдады

Бекарыс Әлімхан··
ПСЖ

ПСЖ

ПСЖ Франция чемпионатының сегізінші турында «Лионды» 2:0 есебімен жеңген матчтағы жеңісін УЕФА Чемпиондар лигасында тізесінен ауыр жарақат алған грузиялық шабуылшы Хвича Кварацхелияға арнады.

Кездесуден кейін Париж клубының футболшылары, Луис Энрике бастаған жаттықтырушылар штабы және клуб президенті Нассер Әл-Хелаифи киім ауыстыратын бөлмеде грузиялық ойыншының жейдесін ұстап, бірге суретке түсті. ПСЖ баспасөз қызметі бұл суретті әлеуметтік желіде жариялап, «Біз сенімен біргеміз, Квара!» деп жазды.

Париждік клубтың жанкүйерлері де Кварацхелияға қолдау білдірді. «Лионмен» матч басталмас бұрын «Парк де Пренс» стадионының трибунасында «Квара, қызыл-көктер сенің жаныңда!» деген жазуы бар баннер ілінді.

Ойыннан кейін ПСЖ бас бапкері Луис Энрике де жеңісті шәкіртіне арнады.

«Бұл біз үшін өте маңызды жеңіс. Біз оны Квараға арнаймыз. Біздің мақсатымыз – барлық турнирде жеңіске жету. Бұл – біздің менталитетіміз. Ол үшін әрдайым дайын болуымыз керек. Бүгін алаңға қосалқы құрамнан шыққан ойыншылар өз деңгейін көрсетіп, көбірек ойын уақытына лайық екенін дәлелдеді», – деді испаниялық маман.

Еске салайық, Кварацхелия 20 қазанда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі «Барселонаға» қарсы кездесуде (4:2) жарақат алды. Матчтың 59-минутында оң тізесін жарақаттап, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Кейінгі медициналық тексеріс оның алдыңғы айқас байламы үзілгенін көрсетті. Грузиялық футболшы алты айдан тоғыз айға дейін алаңға шыға алмауы мүмкін.

Кварацхелия 2025 жылдың қаңтарынан бері Париж клубында өнер көрсетіп келеді. Ол осы маусымда барлық турнирде 11 матчқа қатысып, екі гол соғып, бір нәтижелі пас берді.