Путинцева Яссыдағы WTA турнирінің ширек финалына шықты

Аружан Талгат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Румынияның Яссы қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирде сәтті өнер көрсетіп жатыр.

Екінші айналымда әлемдік рейтингте 82-орында тұрған қазақстандық теннисші ресейлік Алина Чараевамен (118-орын) кездесті. Путинцева ойынды сенімді өткізіп, екі сетте 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 35 минутқа созылды.

Осылайша, қазақстандық спортшы турнирдің ширек финалына жолдама алды. Енді ол келесі кезеңде әлемдік рейтингте 97-орында тұрған мысырлық Маяр Шерифпен кездеседі. Шериф те екінші айналымда испаниялық Кэйтлин Куэведоны (100-орын) 6:3, 6:3 есебімен ұтты.

Еске сала кетейік, Путинцева Яссыдағы турнирді алғашқы айналымда америкалық Клэр Льюді (111-орын) 7:5, 6:2 есебімен жеңіп бастаған болатын. Сол матч 2 сағат 7 минутқа созылған.