«Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Омониямен» кездеседі

Бегасыл Амирбай ··
Фото: «Омония» ФК

Фото: «Омония» ФК

Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» клубымен ойнайды.

Қазақстан чемпионы алғашқы іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьескасын» екі матчтың қорытындысы бойынша 4:1 (2:1, 2:0) есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

«Омония» – Кипрдің ең атақты әрі табысты клубтарының бірі. Команда өз алаңындағы ойындарын шамамен 23 мың көрерменге арналған «Нео ГСП» стадионында өткізеді. Клуб 22 мәрте Кипр чемпионы атанып, 16 рет ел кубогын және 17 рет Суперкубокты жеңіп алған.

«Омония» Еуропа лигасы мен Конференциялар лигасының негізгі кезеңінде үш рет өнер көрсеткен. Өткен маусымда команда тарихында алғаш рет Конференциялар лигасының плей-офф кезеңіне шығып, онда Хорватияның «Риека» клубына жол берді.

Айта кетейік, «Қайрат» пен «Омония» бұған дейін 2021/22 жылғы Конференциялар лигасының топтық кезеңінде кездескен. Ол кезде екі матч та 0:0 есебімен тең аяқталған.

Командалар арасындағы алғашқы кездесу 22 шілдеде Никосияда өтсе, қарымта ойын 29 шілдеде Алматыда ұйымдастырылады.

«Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Омониямен» кездеседі – sport-hub