«Қайрат» пен «Левски» арасындағы Чемпиондар лигасы матчтарының күні мен уақыты белгілі болды

Аружан Талгат··
Фото: f.c.kairat

Фото: f.c.kairat

УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі матчтардың кестесін бекітті. Бұл кезеңде алматылық «Қайрат» Болгария чемпионы «Левскимен» кездеседі.

Алғашқы ойын 4 тамыз күні Софияда өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 22:30-да басталады.

Жауапты кездесу 11 тамызда Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионында өтеді. Ойынның басталуы 20:00-ге жоспарланған.

Алматылықтардың қарсыласы алдыңғы кезеңнен сенімді өтті. Софияда румыниялық «Университатя» Крайованы 1:0 есебімен жеңген «Левски» сырт алаңда 2:2 есебімен тең ойнап, келесі кезеңге жолдама алды.

«Левски» Болгарияның ең титулды клубтарының бірі саналады. Команда қоржынында 27 чемпиондық атақ, 26 ел кубогы және 3 суперкубок бар. Сондай-ақ, дәл осы клуб Болгариядан алғаш болып Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған. Бұл 2006/07 маусымында болған.

«Қайрат» үшінші іріктеу кезеңіне кипрлік «Омониямен» өткен тартысты қарсыластықтан кейін шықты. Алғашқы ойында 0:1 есебімен жеңілген алматылықтар өз алаңында 1:0 есебімен қарымта қайтарды. Кейін пенальти сериясында 6:5 есебімен басым түсті.

Енді «Қайрат» пен «Левски» жұбының жеңімпазы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алу үшін күресті жалғастырады.

«Қайрат» пен «Левски» арасындағы Чемпиондар лигасы матчтарының күні мен уақыты белгілі болды – sport-hub