«Қайрат» ҚПЛ аясында өтетін үш матчтың кестесін өзгертті

Аружан Талгат··
«Қайрат» ФК

«Қайрат» ФК

Алматылық «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасындағы алдағы үш үй матчының кестесіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

Клубтың мәліметінше, Алматының Орталық стадионында жаппай іс-шараның өтуіне және одан кейінгі техникалық жұмыстарға байланысты уақытша матчтар өткізу мүмкін болмайды.

Осыған байланысты ҚПЛ-дің 21-туры аясында «Жеңіске» қарсы 8 тамызға жоспарланған ойын кейінге шегерілді. Кездесудің жаңа күні кейінірек жарияланады. «Қайрат» клубы елордалық командаға түсіністік танытқаны үшін алғыс білдірді.

15 тамызға белгіленген 9-турдағы «Ұлытаумен» өтетін үй матчы Орталық стадионда емес, Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» ФК академиясының алаңында өтеді.

Сондай-ақ өзгерістер 23-турдағы «Ертіске» қарсы ойынға да әсер етті. 22 тамызға жоспарланған матч та кейінге қалдырылды. Клуб өкілдері мұны Құрылтай сайлауының өтуімен байланыстырды. Жаңа күн қосымша хабарланады.

Еске салайық, 11 тамыз күні «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында болгариялық «Левскиге» қарсы үй матчын Түркістанда өткізеді. Бұл өзгеріс Алматыдағы Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті өтетінімен байланысты.

«Қайрат» ҚПЛ аясында өтетін үш матчтың кестесін өзгертті – sport-hub