«Қайрат» Канье Уэсттің концерті туралы хабарламаға қатысты пікір білдірді

«Қайрат» ФК
«Қайрат» футбол клубы америкалық орындаушы Канье Уэсттің Алматыда концерт беруі мүмкін деген ақпараттан кейін түсініктеме жасады.
Клубта атап өткендей, бұған дейін жария кеңістікте тараған іс-шараның күні командамен келісілмеген. Қазіргі уақытта Орталық стадион «Қайраттың» үй матчтарын өткізу үшін пайдаланылып жатыр, сондай-ақ алматылықтар турнирдегі жолын жалғастырса, еурокубоктық кездесуді де қабылдауы мүмкін.
Тамыздың бірінші жартысында команда өз алаңында Қазақстан чемпионатының екі матчын өткізуі тиіс, ал олардың арасында еурокубок аясында тағы бір үй ойыны өтуі ықтимал. Клубтың пікірінше, осындай уақытта ауқымды концерт ұйымдастыру стадионды ресми матчтарға дайындауды қиындатуы мүмкін, өйткені сахнаны орнату мен бөлшектеу ұзақ уақыт алады және алаң мен инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді.
«Ауқымды шоуға дайындық газонның жағдайына және аренаның ресми матчтарға дайындығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан барлық қажетті келісімдер аяқталғанға дейін Орталық стадионды концерт өтетін орын деп санау ерте», – делінген «Қайраттың» мәлімдемесінде.
Осыған байланысты клубта Орталық стадионда кез келген бұқаралық іс-шаралар тек клубпен келісіліп, футбол күнтізбесі ескерілгеннен кейін ғана жоспарлануы тиіс деп есептейді. Барлық қажетті рәсімдер аяқталғанға дейін концерт дәл осы аренада өтеді деу ерте екені айтылды.
Бұған дейін продюсер Джозеф Карре Instagram желісінде Канье Уэсттің (Ye) Қазақстанға алғаш рет концертпен келуі мүмкін екенін хабарлаған еді. Жарияланған анонста концерттің күні 14 тамыз деп көрсетілген.