«Қайраттың» ел футзалындағы 22-ші чемпиондығы

Алматының «Қайраты» футзалдан Қазақстан чемпионатының финалында «Семейді» жеңіп, клуб тарихындағы 22-чемпиондық атағына қол жеткізді.
Тұрақты маусымда алматылықтар екінші орын алып, көшбасшы «Семейден» 13 ұпайға қалып қойған болатын. Оның үстіне екі команда арасындағы барлық төрт кездесуде семейліктер жеңіске жеткен еді. Алайда плей-офф кезеңінде жағдай түбегейлі өзгерді.
Семейдегі алғашқы екі матч негізгі және қосымша уақыттан кейін 2:2 есебімен аяқталды. Бірінші ойында пенальти сериясында «Қайрат» 6:5 есебімен жеңсе, екіншісінде дәл сондай есеппен «Семей» басым түсті. Алматыдағы кездесулерде командалар бір-бір жеңістен бөлісті – 4:2 және 2:1.
Чемпион тағдырын шешкен бесінші матч Семейде өтті. Бұл жолы да негізгі уақытта жеңімпаз анықталмай, есеп 2:2 болды. Қосымша уақытта шешуші голды Біржан Оразов соғып, «Қайратқа» 3:2 есебімен жеңіс сыйлады.
Маусым соңында клубтан кететінін мәлімдеген команда капитаны Біржан Оразов:
«Шешуші матч өте тартысты өтті. Финалдық серия тарихта алғаш рет бесінші ойынға дейін созылды. Чемпион атанғанымызға өте қуаныштымыз. Он бір ай бойы атқарған еңбегіміз толық ақталды», – деді.
Айта кетейік, Оразовтың өзі келесі маусымда дәл осы «Семей» клубының сапына ауысуы мүмкін.
Финалдан кейін «Қайрат» «Семейдің» көшбасшыларының бірі, Ресей құрамасының ойыншысы Камиль Герейхановпен келісімшартқа отырғанын жариялады. Ол семейлік клуб сапында 110 матч өткізіп, 94 гол соғып, 38 нәтижелі пас берген. Сонымен қатар екі рет Қазақстан кубогын жеңіп алғанымен, ел чемпионы атана алмады.

Алматылықтардың чемпиондыққа жетуінде бас бапкер Густаво Парадеданың еңбегі зор болды. Бұған дейін спорт директоры қызметін атқарған маман шешуші ойындар алдында команданы қабылдап, бразилиялық Даниэль Жуниордың орнын басты. Бұл шешім өз нәтижесін берді.
Қызығы, дәл осындай жағдай былтыр да қайталанған еді. Сол кезде испаниялық Марлон Веласко қызметінен кетіп, оның орнына келген Густаво «Қайратты» чемпиондыққа жеткізген болатын. Биыл клуб басшылығы оған сенім артып, финал басталмай тұрып үш жылдық келісімшарт жасасты.
Густаво Парадеда:
«Екі команда да жоғары деңгейдегі футзал көрсетті. Қонақта жеңіске жету оңай болмайтынын түсіндік. Жалпы, бұл «Қайрат» үшін өте ауыр жыл болды. Бірақ біз қиындықты еңсеріп, осы жеңіске лайық екенімізді дәлелдедік», – деді.

Финал сериясы басталғанда көпшілік чемпиондыққа «Семейді» басты үміткер санаған. Алайда Қазақстан футзал қауымдастығының бұрынғы вице-президенті Нұржан Доскеев серияның бесінші матчқа дейін созылып, соңында дәл «Қайраттың» жеңетінін алдын ала болжаған еді. Оның бұл болжамы толықтай орындалды.
Доскеевтің пікірінше, «Қайраттың» тәжірибесі шешуші рөл атқарды. Сонымен қатар клубқа тағы екі-үш физикалық тұрғыдан қуатты ойыншы қажет. Оның айтуынша, команда алдағы маусымда қайта жасақталып, басты мақсат ретінде футзалдан Чемпиондар лигасын үшінші рет жеңіп алуды көздеуі тиіс.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 1998 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде ел чемпионы атанған небәрі төрт клуб бар: «Аят» (1 рет), «Әліби» (3 рет), «Жігіттер» (1 рет), «Семей» (1 рет) және рекордтық 22 мәрте чемпион атанған «Қайрат».