«Қателеспеймін деп уәде бере алмаймын». Летексье даулы матчтан кейін алғаш рет пікір білдірді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Франциялық төреші Франсуа Летексье Аргентина мен Мысыр құрамалары арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалынан кейін өзіне бағытталған сынға алғаш рет жауап берді.

Кездесу Аргентинаның 3:2 есебіндегі жеңісімен аяқталғанымен, басты талқылау төрешілер бригадасының шешімдері төңірегінде өрбіді.

Ойын барысында Летексье бейнеқайталымды қарап шыққаннан кейін Мысыр қақпасына пенальти белгіледі. Сондай-ақ VAR жүйесінің араласуынан кейін африкалық құраманың бір голы есепке алынбады. Бұл шешімдер мысырлық тараптың наразылығын тудырып, олар төрелік әділетсіз болды деп мәлімдеді.

Франциялық төреші әлеуметтік желідегі парақшасында сынның болатынын түсінетінін айтып, төрешілердің еңбегіне құрметпен қарауға шақырды.

«Біздің мамандықта сынның болуы қалыпты жағдай, мен оны сабырмен қабылдаймын. Менің жалғыз өтінішім – өзара құрметті ұмытпау. Әрбір төрешілік шешімнің артында күн сайын футболға адал қызмет етуге тырысатын адам тұрады. Ешбір төреші мінсіз қателіксіз төрелік етеді деп кепілдік бере алмайды. Бірақ мен әрбір матчқа кәсібилікпен, бейтараптықпен және ойынға деген құрметпен шығатыныма кепілдік беремін», – деп жазды Летексье.

Айта кетейік, Франсуа Летексье қазіргі футболдағы ең беделді төрешілердің бірі саналады. International Federation of Football History & Statistics ұйымы оны 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің үздік ерлер төрешісі деп таныған. Дауыс беру барысында француз рефери осы аталымда алдыңғы екі жыл қатарынан жеңімпаз атанған польшалық Шимон Марциняктан озып шықты.

Еске салайық, Аргентина Мысырды жеңіп, әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды. Келесі кезеңде қазіргі әлем чемпиондары Швейцария құрамасымен кездеседі.