«Қателік көп болды». Какау Қазақстан құрамасының Беларусьтен ірі есеппен жеңілуіне қатысты пікір білдірді

kff_team_futsal
Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Какау 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Беларусьтен 1:5 есебімен жеңілген матчқа қатысты пікір білдірді.
Маманның айтуынша, қазақстандық футзалшылар гол соғатын мүмкіндіктер жасағанымен, көптеген қателік жіберген. Сондай-ақ ол команданың әзірге толық дайын емес екенін мойындады.
«Бүгін жеңіліп қалдық. Алғашқы ойындағыдай 5:4 есебімен жеңіске жете алмадық. Мүмкіндіктер болды, бірақ қателік көп кетті. Әрине, бәрін сабырмен саралау керек. Дегенмен 1:5 – өте нашар нәтиже», – деді Какау.
Соған қарамастан бас бапкер Қазақстан құрамасының келесі кезеңге шығу мүмкіндігі әлі де бар екенін атап өтті.
«Енді Албаниямен екі матч өткіземіз. Екеуінде де міндетті түрде жеңіске жетуіміз керек. Солай болады деп үміттенемін. Жанкүйерлердің қолдауы біз үшін өте маңызды. Жігіттер әзірге толық дайын емес. Бірақ дайындалуға уақытымыз бар. Ең бастысы, келесі кезеңге шығу мүмкіндігіміз сақталып тұр», – деді маман.
Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 9 желтоқсанда өз алаңында Албанияға қарсы өткізеді. Қарымта матч 2027 жылдың наурызында қарсылас алаңында өтеді.
Айта кетейік, топта бірінші орын алған құрама 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі элиталық раундқа тікелей жолдама алады. Ал екінші орын иегерінің келесі кезеңге өтуі рейтингке байланысты анықталады.