Қазақстан құрамасы Беларусьтен ірі есеппен жеңілгеннен кейін нешінші орында тұр?

Фото: Kazakhstan national futsal team
Футзалдан Қазақстан құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Беларусьтен 1:5 есебімен жеңілгеннен кейін өз тобындағы екінші орнын сақтап қалды.
Какау шәкірттері 11 қарашаға қараған түні Словакияның Гуменне қаласында Беларусь құрамасымен кездесті. Қарсылас бірінші таймда үш гол соғып, үзіліске дейін басымдыққа ие болды. Екінші таймда есеп айырмашылығын ұлғайтып, 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Еске салайық, қос құраманың алғашқы кездесуі 20 қазанда Астанада өтіп, Қазақстан 5:4 есебімен жеңіске жеткен еді. Сол ойында Эдсон хет-трик авторы атанса, Альберт Ақбаликов пен Лео Игита бір-бір голдан соқты.
Қарымта кездесуден кейін Беларусь үш матчта алты ұпай жинап, алтыншы топтың көшбасшысы атанды. Қазақстан екі ойыннан кейін үш ұпаймен екінші орында тұр. Ал Албания әзірге ұпай жинаған жоқ.
6-топтың турнирлік кестесі:
1. Беларусь – 6 ұпай (3 матч)
2. Қазақстан – 3 ұпай (2 матч)
3. Албания – 0 ұпай (1 матч)
Енді Қазақстан құрамасы Албаниямен екі кездесу өткізеді. Алғашқы ойын 9 желтоқсанда Қазақстанда өтсе, қарымта матч 2027 жылдың 2 наурызына жоспарланған.
Іріктеу кезеңінің ережесіне сәйкес, 12 топтың жеңімпазы мен екінші орын алған үздік төрт құрама элиталық раундқа тікелей жолдама алады. Ал қалған сегіз команда келесі кезеңге шығу үшін плей-офф матчтарын өткізеді.