Қазақстан 2026 жылғы Азия ойындарындағы командалық спорт түрлеріндегі қарсыластарын білді

Фото: ҚР ҰОК
Қазақстанның су добы, гандбол, регби-7 және допты хоккейден ұлттық құрамалары 2026 жылы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтетін XX жазғы Азия ойындарының топтық кезеңіндегі қарсыластарын анықтады.
Жарыс 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
Жеребе қорытындысы бойынша, ерлер арасындағы су добы турнирінде Қазақстан құрамасы «А» тобына түсті. Бұл топта қазақстандықтар Таиланд, Жапония және Гонконг құрамаларымен кездеседі. Ал әйелдер құрамасы Қытай, Жапония, Сингапур, Таиланд және Өзбекстан командаларымен бір топта өнер көрсетеді.
Ерлер арасындағы гандбол бәсекесінде Қазақстан құрамасы «В» тобына түсіп, Бахрейн, Кувейт, Оңтүстік Корея және Иран құрамаларымен ойнайды. Әйелдер құрамасының қарсыластары – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Гонконг, Өзбекстан және Вьетнам құрамалары.
Регби-7 бойынша Қазақстан ерлер құрамасы «В» тобында Жапония, Таиланд және Оңтүстік Корея құрамаларымен кездеседі. Әйелдер командасы «D» тобында бақ сынайды. Бұл топта оның қарсыластары Жапония, Таиланд және Сингапур болады.
Допты хоккей турнирінде Қазақстанның әйелдер құрамасы «А» тобына түсті. Келесі кезеңге шығу үшін қазақстандық хоккейшілер Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Қытай Тайбэйі және Бангладеш құрамаларымен таласады.