Қазақстан алғаш рет семсерлесуден әлем чемпионы атанды

Фото: olympic.kz
Қазақстанның ерлер құрамасы (шпага) отандық спорт тарихында жаңа белеске көтерілді. Команда алғаш рет әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болып, Гонконгта өткен командалық турнирде жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарыс барысында қазақстандық шпагашылар турнирлік жолды сенімді өтті. Олар Финляндия, Өзбекстан, Дания және Мысыр құрамаларын кезек-кезек жеңіп, финалда Украина құрамасымен кездесті.
Шешуші кездесу 45:40 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды. Әлем чемпионатының қола жүлдесі Мысыр құрамасына бұйырды.
Әлем чемпионатының алтын медальдарын Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай жеңіп алды. Бұл жетістік қазақстандық семсерлесу үшін тарихи болып саналады: бұған дейін ұлттық құрама әлем чемпионатында жеңіске жеткен емес.
Осыған дейін Қазақстанның командалық шпагадағы ең үздік нәтижесі 2025 жылғы әлем чемпионатындағы қола медаль еді. Ал 2023 жылы Руслан Курбанов жеке сында қола жүлде алған болатын. Енді құрама келесі деңгейге көтеріліп, тарихта алғаш рет әлем чемпионы атанды.