Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде жеңілді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: ДРС

Фото: ДРС

Қылыштасудан Қазақстан әйелдер құрамасы Гонконгта өтіп жатқан әлем чемпионатында ширек финалға шыға алмады. 1/8 финалда отандастарымыз Оңтүстік Корея құрамасына есе жіберді.

Кездесу Оңтүстік Корея құрамасының 45:39 есебімен жеңісімен аяқталды. Қазақстан құрамасы сапында Ирина Бакалдина, София Николайчук және Владислава Андреева өнер көрсетті.

Жекпе-жек барысында қазақстандық шпагашылар есепте ұтылып отырды. Соңғы ауысым алдында олардың айырмасы он ұпайға жетті. Қорытынды кездесуде Ирина Бакалдина есеп айырмасын қысқартқанымен, матчты құтқарып қалу мүмкін болмады.

1/8 финалға дейін Қазақстан құрамасы Швецияны 39:38 есебімен жеңген еді. Қылыштасудан әлем чемпионаты 22-28 шілде аралығында Гонконгта өтіп жатыр.