Басты бет
·
АО-2026

Қазақстан Азиада-2026-да көгалдағы хоккейден алғашқы ұпайын алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Қазақстан әйелдер құрамасы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарының топтық кезеңіндегі жеңілістер сериясын үзді. Төртінші турда қазақстандықтар Бангладеш құрамасымен 3:3 есебімен тең ойнады.

Кездесудің басты қаһарманы Виктория Лобанова болды. Қазақстандық хоккейші хет-трик жасап, 21, 32 және 37-минуттарда гол соқты. Оның соққан голдарының арқасында ұлттық құрама турнирдегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Лобанова қазіргі Азиадада Қазақстан құрамасының соққан төрт голының барлығына авторлық етті. Бұған дейін ол үшінші турда Қытай Тайбэйіне қарсы кездесуде (1:4) команданың жалғыз голын соққан. Ал бұған дейін қазақстандықтар Малайзиядан (0:5) және Оңтүстік Кореядан (0:7) жеңілген еді.

Топтық кезеңдегі соңғы кездесуін Қазақстан құрамасы 27 қыркүйекте Қытайға қарсы өткізеді. Төрт турдан кейін ұлттық құраманың еншісінде бір ұпай бар.

Еске салайық, Азиада-2026 Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтуде. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.