Басты бет
·
АО-2026

Қазақстандық жүзуші Азиада-2026-да жүлде үшін таласады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық жүзуші Софья Сподаренко Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарында медаль үшін күресін жалғастырады. Ол 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден іріктеу кезеңінен сәтті өтті.

Алдын ала жүзу қорытындысы бойынша Сподаренко бесінші орын алып, шешуші финалдық кезеңге жолдама алды. Осы қашықтықта Қазақстан атынан София Абубакирова да өнер көрсетіп, 12-орын иеленді және финалға өте алмады.

Айта кетейік, екі қазақстандық спортшы да 2025 жылғы Азия чемпионатында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден жүлдеге ие болған. Сол кезде Абубакирова күміс медаль жеңіп алса, Сподаренко қола жүлдегер атанды. Кейін Софья 2025 жылы Эр-Риядта өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында осы қашықтықта жеңімпаз атанды.

Ерлер арасында 50 метрге брасс әдісімен жүзуден іріктеу кезеңінде Айбат Мырзамуратов оныншы нәтиже көрсетіп, финалға өте алмады. Бір жыл бұрын Ахмедабадта өткен Азия чемпионатында қазақстандық спортшы осы қашықтықта күміс медаль жеңіп алған еді.

Еске салайық, Азиада-2026 Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтуде. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.

Қазақстандық жүзуші Азиада-2026-да жүлде үшін таласады – sport-hub