Қазақстан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: AVC

Фото: AVC

Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан волейболдан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандықтар Австралия құрамасын үш партияда жеңді.

Қазақстан құрамасы матчты 3:0 (25:21, 25:18, 25:21) есебімен аяқтады. Бұл команда үшін турнирдегі алғашқы жеңіс. Бұған дейін топтық кезеңдегі алғашқы ойында Қазақстан Индонезиядан 0:3 есебімен жеңілген болатын.

Екі ойыннан кейін Қазақстан В тобында екінші орында тұр. Топтық кезеңдегі соңғы кездесуін ұлттық құрама 25 тамызда топ көшін бастап тұрған Таиландқа қарсы өткізеді. Ойын Астана уақытымен сағат 07:00-де басталады.

Айта кетейік, Таиланд — Азияның қазіргі чемпионы. 2023 жылы Таиланд құрамасы финалда Қытайды 3:2 есебімен жеңіп, тарихында үшінші рет құрлық чемпионы атанған.

Биылғы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған команда Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына тікелей жолдама алады.

Қазақстан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді – sport-hub