Қазақстан құрамасы Орталық Азия волейбол чемпионатында бесінші орын алды

Фото: AVC
Қазақстанның ерлер волейбол құрамасы CAVA Орталық Азия чемпионатындағы соңғы ойынында Непал құрамасын жеңіп, турнирді бесінші орынмен аяқтады.
Бесінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандық волейболшылар Непал құрамасын 3:0 (25:18, 27:25, 25:20) есебімен жеңді.
Матчтағы ең тартысты кезең екінші партия болды. Бұл сетте Қазақстан құрамасы қарсыласынан тек соңғы ұпайларда ғана басым түсе алды. Ал бірінші және үшінші партияларда команда ойын тізгінін өз қолында ұстап, кездесуді сенімді жеңіспен аяқтады.
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бесінші орынға тұрақтады. Топтық кезеңде қазақстандықтар Пәкістаннан (0:3), Өзбекстаннан (2:3), Бангладештен (2:3) және Шри-Ланкадан (0:3) жеңіліп, жалғыз жеңісін Непалға қарсы кездесуде (3:2) тіркеген еді.
CAVA Орталық Азия чемпионаты Пәкістанның Исламабад қаласында өтіп жатыр. Турнир 29 шілдеде аяқталады.