Қазақстан волейболдан Азия чемпионатына құрамын жариялады

Фото: AVC / thethaovanhoa.vn
Қазақстан әйелдер құрамасының жаттықтырушылар штабы 21-30 тамыз аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін волейболдан Азия чемпионатына қатысатын соңғы құрамды анықтады.
Ұлттық құраманың өтініміне Мадина Бекет, Маргарита Бельченко, Кристина Белова, Юлия Фоменко, Раяна Дүйсенбаева, Ирина Кузнецова, Айгүл Мүлкибаева, Татьяна Никитина, Перизат Нұрбергенова, Жанна Сыроешкина, Полина Уфимцева, Мария Сырыгина, Валерия Настенко және Бота Уатаева енді.
Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан В тобына Таиланд, Индонезия және Аустралия құрамаларымен бірге түсті. Азия чемпионатына барлығы 12 ұлттық құрама қатысып, олар үш топқа бөлінді. Әр топтан үздік екі команда, сондай-ақ үшінші орын алған командалардың арасындағы үздік екі құрама ширек финалға шығады.
Қазақстан алғашқы матчын 22 тамызда Индонезияға қарсы өткізеді. 23 тамызда команда Аустралиямен кездессе, 25 тамызда топтық кезеңдегі соңғы ойынын қазіргі чемпион Таиландқа қарсы өткізеді.
Айта кетейік, Азия чемпионы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына тікелей жолдама алады. Сондай-ақ турнирдің үздік үш құрамасы 2027 жылғы әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады.