Қазақстан баскетболшылар Жапониядан жеңіліп, Азия ойындарындағы жарысын аяқтады

Фото: Никита Басов
Қазақстанның ерлер арасындағы 3х3 баскетболдан ұлттық құрамасы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы жарысын аяқтады.
Ширек финалға шығу жолындағы кездесуде Артур Жүнісов, Мансұр Сейілханов, Әліжан Ыдырысжан және Тимур Тәңиевтен құралған Қазақстан құрамасы Жапониямен кездесті. Ойын жапон баскетболшыларының 18:17 есебіндегі минималды жеңісімен аяқталды.
Қазақстан А тобында үшінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алған еді. Алдын ала кезеңде команда Шри-Ланканы 17:15 есебімен жеңіп, кейін Моңғолиядан (8:13) және Филиппиннен (15:21) жеңілді.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.