Қазақстан eFootball Mobile ойынынан Еуропа чемпионатында өнер көрсетеді

ҚФФ
Қазақстанның eFootball Mobile құрамасы 5-6 қыркүйекте Лиссабонда өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде өнер көрсетеді.
FIFAe Continental Championship Europe турниріне сегіз құрама қатысады: Қазақстан, Түркия, Сербия, Грузия, Босния және Герцеговина, Португалия, Грекия және Хорватия.
Топтық кезеңде командалар бір-бірімен бір реттен кездеседі. Ең үздік екі құрама жартылай финалға тікелей жолдама алады, ал үшінші орыннан алтыншы орынға дейінгі командалар ширек финалда ойнайды. Жартылай финалда жеңіске жеткен құрамалар ӘЧ-2026 жолдамасына ие болады.
Қазақстан турнирдегі алғашқы матчтарын 5 қыркүйекте Түркияға (22:30), Сербияға (23:00) және Грузияға (23:30) қарсы өткізеді. Ал 6 қыркүйекке қараған түні команда Босния және Герцеговинамен (00:15), Португалиямен (00:45), Грекиямен (01:30) және Хорватиямен (02:00) кездеседі.
Айта кетейік, турнир алдында Қазақстан құрамасы 31 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Лиссабонда оқу-жаттығу жиынын өткізеді.