Қазақстан құрамасы Азиадада ширек финалға шығу үшін ойын өткізеді

Фото: Никита Басов
Қазақстанның ерлер құрамасы 3×3 баскетболдан Айти мен Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарындағы топтық кезеңді Филиппиннен 15:21 есебімен жеңіліспен аяқтады. Соған қарамастан, қазақстандықтар плей-ин кезеңіне жолдама алды.
Ұлттық құрама сапындағы ең нәтижелі ойыншы Тимур Тангиев болды. Ол алты ұпай жинады. Мансұр Сейілханов төрт ұпай қосты. Екі ойыншы Қазақстанның командалық ұпайының үштен екісін жинады.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңде бір жеңіс пен екі жеңіліске ие болды. «А» тобында команда Шри-Ланканы жеңіп, кейін Моңғолиядан ұтылды.
Ширек финалға шығу үшін өтетін матч пен ширек финал ойындары 24 қыркүйекте өтеді. Жартылай финал және жүлде үшін кездесулер 25 қыркүйекке жоспарланған.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.