Сарвиноз Миркадирова Азиадада жекелей сындағы жарысын аяқтады

Фото: Арлан Олжабай
Қазақстандық спортшы Сарвиноз Миркадирова Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында үстел теннисінен әйелдер арасындағы жекелей сындағы жарысын аяқтады.
Бірінші айналымда Миркадирова Солтүстік Корея өкілі Пён Сон Гённен 1:4 есебімен жеңілді. Қазақстандық спортшы алғашқы партияда жеңіске жеткенімен, кейінгі төрт партияның барлығында қарсыласына есе жіберді.
Миркадирова аралас жұптық сында жарысын жалғастырып жатыр. Ол Искандер Харкимен бірге Макао өкілдерін бес партияда жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды.
Айта кетейік, Пён Сон Гён 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында ширек финалға дейін жеткен. Ал Миркадирова дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметовпен бірге Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның туын алып шықты.
2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.