Қазақстандық ескекшілер Азия ойындарында төрт финалда жүлдеге таласады

Фото: Нұрғали Жұмағазы
Қазақстанның академиялық ескек есу құрамасы Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында А финалына төрт жолдама жеңіп алды. Спортшылар 2000 метр қашықтықта жүлдеге таласады.
Әйелдер арасында жеңіл салмақта жалғыз ескек есуден Роза Кенес финалға шықты. Ал жеңіл салмақтағы жұптық жарыста Мария Чернец пен Екатерина Носкова өнер көрсетеді.
Тағы бір әйелдер экипажының құрамында Валентина Волкодавова, Афина Белоногова, Тамара Первушкина және Варвара Белоногова бар.
Ерлер арасында Владислав Яковлев пен Иван Чернухин финалға жолдама алды.
Ал жалғыз ескек есуден Бапан Асханбек, сондай-ақ жұптық жарыста Алексей Красновский мен Владислав Галкин В финалында бақ сынайды. Бұл финалда жүлде сарапқа салынбайды.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Байрақты бәсеке 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.