Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 32 алтын медальмен аяқтады

Aibar Rysdaulet··
Фото: ДРС РК

Фото: ДРС РК

Қазақстан Туризм және спорт министрлігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы ұлттық құраманың қорытынды нәтижесін жариялады. Жарыс 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтті.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан спортшылары 74 медаль жеңіп алды. Оның 32-сі - алтын, 20-сы - күміс, 22-сі - қола. Осы нәтижемен Қазақстан жалпыкомандалық медальдар есебінде бірінші орынға шықты.

Екінші орын жарыс қожайындары Қырғызстанға бұйырды. Қырғыз спортшылары 30 алтын медаль жеңіп алды. Ресей құрамасы жеті алтынмен үшінші орынға орналасты.

Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тарту, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның нәтижесіне қатысты әртүрлі мәліметтер тараған еді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми парақшасында жаңартылған кестеде Қазақстанның қоржынында 29 алтын, ал Қырғызстанда 30 алтын медаль көрсетілген. Ұйымдастырушылар бұл көрсеткіштердің өзгеру себебін түсіндірмеді.

Ал Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің ресми мәліметі бойынша, ұлттық құрама жарысты 32 алтын медальмен аяқтап, медальдар есебінде бірінші орын алды.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден шамамен 3 мың спортшы қатысты.

Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль жеңіп алды – sport-hub