Қазақстан құрамасы Эстонияда өтетін European Open турниріне сегіз дзюдошыны тіркеді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: IJF

Фото: IJF

Қазақстан құрамасы 6 мен 7-маусым күндері Таллинде өтетін European Open сериясындағы дзюдо турниріне қатысады.

Ұлттық команда құрамына сегіз спортшы енді. Қатысушылар тізімі халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми сайтында жарияланды.

Ерлер құрамасына Даурен Сүкенов пен Мағжан Әлжанов (60 келіге дейін), Табылды Биғамбаев (66 келіге дейін), Ернар Кеңесқан, Шахнияз Ағыбаев және Ардақ Сериалы (73 келіге дейін), сондай-ақ Оразгелді Оралов (81 келіге дейін) енді.

Әйелдер арасындағы турнирде Қазақстан атынан жалғыз Сымбат Тағай бақ сынамақ. Ол 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысқа түседі.

Бұған дейін Испанияның Бенидорм қаласында өткен European Open турнирінде Қазақстан құрамасы бір алтын медаль еншіледі. 66 келіге дейінгі салмақта Нұрмұхамет Ботабай турнир жеңімпазы атанған еді.