Нұрмұхамет Ботабай European Open турнирінің чемпионы атанды

Фото: IJF
Қазақстан құрамасы Испанияның Бенидорм қаласында өткен дзюдодан European Open сериясындағы турнирде бір медаль еншіледі. 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрмұхамет Ботабай жарыстың жеңімпазы атанды.
Финалдық белдесуде қазақстандық спортшы АҚШ өкілі Ари Берлинерді жеңді. Қазақстанның тағы үш өкілі жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады.
66 келіге дейінгі салмақта Ақжігіт Насыр германиялық дзюдошы Флориан Беккерге есе жіберді. 73 келіге дейінгі салмақта Дастан Шаяхметов қола медаль үшін өткен белдесуде израильдік Охад Моритцтен жеңілді.
48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева қола медаль үшін өткен кездесуде испаниялық Лаура Диас Эрнандеске жол берді.
Қазақстандық дзюдошылар үшін келесі турнир Эстонияның Таллин қаласында өтетін European Open болады. Жарыс 6-7 маусым күндері өтеді.