Басты бет
·
Қысқы ойындар

Қазақстан құрамасы FIS шаңғымен тұғырдан секіру жарыстарын аяқтады

Бекарыс Әлімхан··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстандық спортшылар Швейцарияның Айнзидельн қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден Интерконтиненталдық кубок пен FIS Cup кезеңдеріне қатысты.

Әйелдер арасындағы алғашқы жарыс күнінде қазақстандықтар арасында ең үздік нәтижені 21-орын алған Алена Свириденко көрсетті. Виктория Рулева 42-орынға, ал Вероника Шишкина 48-орынға жайғасты.

Әйелдер арасындағы екінші жарыста Шишкина 44-орын, Рулева 46-орын, Свириденко 50-орын алды. Екі жарыста да Қытай өкілі Пин Цзэн жеңіске жетті. Интерконтиненталдық кубок – әйелдер арасындағы FIS жарыстарының деңгейі бойынша Әлем кубогынан кейінгі екінші серия.

Ерлер арасында HS117 тұғырында FIS Cup-тың екі кезеңі өтті. Алғашқы жарыста Даниил Калинкин финалдық кезеңге өтіп, 27-орын иеленді. Қазақстандық спортшы 105 және 93 метрге секірді. Давид Гааль 52-орын, Артем Мешков 56-орын алды.

Екінші жарыста Қазақстан өкілдері арасында үздік нәтижені 31-орын алған Никита Девяткин көрсетті. Калинкин 35-орын, Мешков 45-орын, Гааль 54-орынға тұрақтады. Ерлер арасындағы алғашқы жарыста австриялық Якоб Штайнбергер жеңіске жетсе, екінші сайыста америкалық Генри Лоэр топ жарды.

Айта кетейік, FIS Cup-тың келесі кезеңдері 19 және 20 қыркүйекте Румынияның Рышнов қаласында өтеді.

Қазақстан құрамасы FIS шаңғымен тұғырдан секіру жарыстарын аяқтады – sport-hub