Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Қазақстан құрамасы құрама садақ атудан Азия кубогының алтынын жеңіп алды

Али Асетов··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстанның ерлер құрамасы құрама садақ атудан Азия кубогының екінші кезеңінде алтын медаль иеленді.

Халықаралық жарыс Ирактың Сүлеймания қаласында өтіп жатыр.

Финалда қазақстандық садақшылар Бангладеш құрамасымен кездесіп, 230:224 есебімен жеңіске жетті. Ұлттық құрамаға алтын медальді Никита Ивлев, Павел Кузнецов және Ислам Серікұлы алып берді.

Финалға дейін Қазақстан құрамасы жартылай финалда Ирак спортшыларымен кездескен. Отандастарымыз жарыс қожайындарын 229:218 есебімен жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, бұл жеңістің маңызы ерекше. Қазақстандықтар финалда ұтқан Бангладеш құрамасы бұған дейін Бангкокте өткен Азия кубогының бірінші кезеңінде құрама садақ атудан командалық жарыста топ жарған еді.

Еске салайық, Азия кубогының екінші кезеңі 24-29 қазан аралығында өтеді. Жарысқа 19 елден 106 спортшы қатысып жатыр. Олар классикалық және құрама садақ атудан сынға түсуде.