Қазақстан құрамасының Денис Тен мемориалына қатысатын құрамы белгілі болды

ҚР ҰОК
8 қазанда Алматыда мәнерлеп сырғанаудан халықаралық Denis Ten Memorial Challenge 2026 турнирінің жарыс бағдарламасы басталады.
Қазақстан ерлер арасындағы жекелей сында Диас Жиренбаев өнер көрсетеді. Әйелдер арасындағы жарыста Софья Самоделкина, Амина Алексеева, Амира Ирматова, Алика Халимова, Зере Сарбалина және Нурия Сулеймен ел намысын қорғайды. Мұздағы биден Қазақстан атынан Гаухар Наурызова – Бойсангур Датиев жұбы қатысады.
8 қазанда әйелдер қысқа бағдарламасын сағат 17:05-те бастайды. Ерлер арасындағы жарыс сағат 20:00-де өтеді. 9 қазанда ырғақты би бағдарламасы ұйымдастырылады. Ал ерлер мен мұздағы би жұптары 10 қазанда еркін бағдарламасын орындайды.
Denis Ten Memorial Challenge 2026/27 маусымындағы ISU Challenger Series сериясының кезеңі саналады. Жарыс «Халық Аренада» өтеді. Турнирдің жарыс бағдарламасы 10 қазанда аяқталып, сол күні сағат 19:30-да гала-шоу ұйымдастырылады.