Басты бет
·
Қысқы ойындар

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Грузиядағы жасөспірімдер Гран-приіне қатысады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ҚР ҰОК

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстан құрамасы Грузияның Батуми қаласында өтетін мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңінде үш бағдарлама бойынша өнер көрсетеді.

Қазақстанның алдын ала өтініміне төрт спортшы енді. Ерлер арасындағы жекелей сында Артур Смагулов бақ сынайды. Ал әйелдер арасындағы жарыста Қазақстан намысын Мария Санникова қорғайды.

Мұздағы биден ел атынан Ева Шелаева мен Иван Соловьев өнер көрсетеді.

Батуми қаласындағы кезең биылғы жасөспірімдер арасындағы Гран-при сериясының жеті кезеңінің бесіншісі болмақ. Грузиядағы жарыстан кейін турнир кезеңдері Словенияның Любляна және Польшаның Гданьск қалаларында өтеді.

Ал маусымның қорытынды кезеңі 10-13 желтоқсан аралығында Қытайдың Чунцин қаласында ұйымдастырылады. Финалға маусым барысында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар қатысады.

Батумидегі жарыс 24-26 қыркүйек аралығында қаланың «Мұз сарайында» өтеді. Турнир бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанау, спорттық жұптар сайысы және мұздағы би кіреді.