Қазақстан Таиландтан жеңіліп, Азия чемпионатындағы топтық кезеңді аяқтады

Фото: AVC
Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан волейболдан Азия чемпионатында екінші жеңілісіне ұшырады.
В тобының матчында Таиланд құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті (25:22, 25:16, 23:25, 25:11).
Қазақстандық волейболшылар алғашқы екі партияда жеңіліп қалғанымен, үшінші сетте таразы басын өз пайдасына аударып, есепті қысқартты. Алайда төртінші партияда Таиланд құрамасы қарсыласына 11 ұпай ғана алуға мүмкіндік берді.
Осылайша Қазақстан құрамасы топтық кезеңді бір жеңіс және екі жеңіліспен аяқтады. Турнирді Қазақстан Индонезияға 0:3 есебімен есе жіберуден бастады. Кейін Австралияны 3:0 есебімен жеңді.
Қазіргі таңда Қазақстан В тобында үшінші орында тұр. Топтағы командалардың қорытынды орны Индонезия мен Австралия арасындағы кездесуден кейін анықталады.
Ширек финалға әр топтан үздік екі құрама, сондай-ақ үшінші орын алған командалардың арасынан ең үздік екі ұжым жолдама алады.