Қазақстандық байдаркашылар Азия ойындарында төртінші орын алды

Фото: Никита Басов
Қазақстанның байдаркадан ерлер құрамасы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
500 метр қашықтықтағы төрттіктер арасындағы «А» финалында Қазақстан сапында Жахонгир Жамедов, Артем Терещенко, Игорь Ряшенцев және Денис Кленин өнер көрсетті. Қазақстандық экипаж шешуші жарысты төртінші орынмен аяқтады.
Қазақстандық төрттік финалға бірден жолдама алды. Біліктілік кезеңінде Жамедов, Терещенко, Ряшенцев және Кленин 1 минут 27,046 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орын иеленді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы осы Азия ойындарында ескек есуден бұған дейін екі медаль жеңіп алған. Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая 500 метр қашықтықтағы байдарка-екіліктен күміс жүлдеге ие болса, Сергей және Тимофей Емельяновтар каноэ-екіліктен қола медаль алды.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.