Басты бет
·
АО-2026

Қазақстандық каноэшілер Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Шамкен Байырбек

Фото: Шамкен Байырбек

Қазақстандық ескекшілер Сергей Емельянов пен Тимофей Емельянов Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды.

Қазақстандық спортшылар ерлер арасында 500 метр қашықтықтағы каноэ-екіліктердің «А» финалында өнер көрсетті. Шешуші жарыстың қорытындысы бойынша Емельяновтар үшінші орын алып, Қазақстан құрамасының жүлде қоржынына тағы бір медаль қосты.

Бұл – Қазақстан құрамасының осы Азия ойындарындағы байдарка мен каноэ жарыстарынан алған екінші жүлдесі. Бұған дейін Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая 500 метр қашықтықтағы әйелдер арасындағы байдарка-екіліктен күміс медаль жеңіп алған.

Айта кетейік, Сергей Емельянов осы маусымда ірі жарыстарда жүлдеге ие болған. 2026 жылғы Қытайдың Хэфэй қаласында өткен Азия чемпионатында ол Алишер Хайотовпен бірге 500 метр қашықтықтағы каноэ-екіліктен үшінші орын алды. Финалда олардың нәтижесі 1:44,069 болды. Сол турнирде Шмелева мен Токарницкая әйелдер арасындағы байдарка-екіліктен 500 метр қашықтықта күміс жүлдегер атанды.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.